АЛПАМЫС БАТЫРҒА ЕСКЕРТКІШ ОРНАТЫЛДЫ
- Әбдісаттар ӘЛІП
- 16 мар. 2015 г.
- 2 мин. чтения

Шымкент-Ташкент тасжолының бойында Алпамыс батырға алып ескерткіш орнатылды. Оның ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаев:
- Бала күнімізден «Алпамыс батыр» эпостық жырын жаттап өстік. Бұл «Одиссея» мен «Манастан» бір мысқал кем түспейтін жырдастан. Алпамыстай батыр дай батыл болуды армандайтынбыз. Жас ұрпақты отансүйгіштік пен патриотизмге баулып тәрбиелеуде Алпамыссынды хас батырларымыздың бейнесі аса қажет. Еліміздің бай тарихынан таным мен тағылым алып, тұлғаларымызға тағзым етуіміз керек, - деді.
Іле-шала Әли Әбдікәрімұлы бастап, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов пен Тойым Жүнісов, Бегім Серіков, Әділхан Сұлтанбеков сияқты қазыналы қариялар қоштап, батыр ескерткішінің алдынан керілген лентаны қиды.
Таза мыстан құйылған арғымақ мінген батыр ескерткішінің биіктігі - 15 метр. Қос қапталында айбат шегіп тұрған қос арыстан бедерленген. Керемет туынды Әлімжан Абылаев, Құралбек Қосыбақов, Асқар Әбдеш секілді сәулетші-мүсіншілердің қолынан шыққан. Мердігер компания - «Ер Даут Ассервиз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Еңселі ескерткіш жеке кәсіпкер Құнанбай Шындәулетовтың демеушілігімен дүниеге келіп отыр.
Кейіннен қазақтың қайсар батырының рухына бағышталып құран оқылды. Ұланасыр ас берілді. Алыстан ат арытып келген Ұлықбек Есдәулетов, Марат Тоқашбаев, Темірхан Медетбеков, Қазыбек Иса, Бауыржан Қарабеков сынды қаламгерлер Оңтүстік жұртшылығына деген ыстық ықыласқа толы лебізін жеткізді. Кентаулық ақын, акбар қажы Рақым Балабиев батыр ескерткішін өз қаржысына орнатқан Құнанбай Шындәулетовке «Тойота Камри» автокөлігінің кілтін табыс етті. Алматылық «Қоңыр» тобы «Батыр бабам Аппамыс» әнінің тұсауын кесті. Жергілікті өнерпаздар да аянып қалған жоқ. Жұмат Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрының әртістері көпшілік назарына «Алпамыс батыр» эпостық жырының желісімен сахналық қойылым ұсынды.
Астың соңы қазақтың ұлттық спорт ойындарына ұласты. Балуандар күреске түссе, шабандоздар көкпар шапты. Халықаралық көкпарға ұзын саны тоғыз түйе, бір миллион теңге, барлығы 30-ға жуық салым тігілді.
Сонымен, Шымқаланың шырайын аша түскен «Алпамыс батыр» ескерткіші елді береке-бірлік пен тындырымды тірлікке шақырып тұрғандай. Елдіктің ерен белгісі іспеттес осындай еңселі ескерткіштеріміз көбейе берсін дейміз!
Әбдісаттар ӘЛІП.
Шымкент қаласы.
Comments